Павлодар облысында қоғамдық орындарда алкоголь ішкен азаматтар жауапқа тартылды
Павлодар облысында қоғамдық орындарда алкоголь ішкен азаматтар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полициясына күн сайын шамамен 40 шақырту түседі. Азаматтардың көпшілігі "пәтердің кіреберісінде мас адамдар ішімдік ішіп отыр", "үйде мас күйдегі жұбайым жанжал шығаруда", "орындықта мас адам жатыр" деген мазмұндағы хабарламалар жібереді.
Мысалы полицияға Жеңіс алаңындағы тұрғын үйдің кіреберісінде белгісіз адамдардың алкогольдік ішімдік ішіп отырғаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына жедел жеткен автопатруль барлық мән-жайды анықтап, мас ер адамдарды полиция бөліміне жеткізді.
Мұндай жағдайлар күн сайын тіркеліп отыр. Сол күні полицияға тағы бір әйел хабарласып, қатты масайып, үйінде жанжал шығарған күйеуін сабырға шақыру үшін көмек сұраған. Ал Н.Назарбаев даңғылы бойындағы тұрғындар балалар алаңында ішімдік ішіп отырған ер адамдарға шағымданған. Бұл уақытта алаңда балалар ойнап жүрген.
Барлық құқық бұзушыларға қатысты қоғамдық орында алкоголь ішу және мас күйінде жүру деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
— Кейін бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілген азаматтар айығып, өз әрекеттеріне өкінеді. Бейнежазбаны көріп, өздерінің сол кездегі қылықтарына таң қалып, туыстарынан кешірім сұрайды. Алайда олардың теріс қылығы отбасы мүшелерінің есінде ұзақ сақталып қалады, — деп атап өтті ведомство өкілдері.