Павлодар облысында қоғамдық орындарда мас күйде болған 595 азамат жауапқа тартылды
Павлодар облысында қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін 595 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген адамдарды, сондай-ақ белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау бойынша рейдтер жүргізеді.
Жыл басынан бері ғана бейімдеу орталығына белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 358 адам жеткізілді, ал 595 азамат қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, алкогольдік ішімдіктерді ішуге немесе қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін масаң күйде болуға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Қоғамдық орындарда он сегіз жасқа толмаған адамдардың мас күйінде болуы, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Егер осы бұзушылықтар әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға әкеп соғады.