Павлодар облысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының нәтижелері баяндалды
Павлодар облысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының нәтижелері баяндалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында өткен брифинг барысында жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руфат Кенжин 2025 жылдың бірінші тоқсанында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысын ұсынды.
Оның айтуынша, қабылданған ұйымдастырушылық және алдын алу шаралары өңірдегі жалпы қылмыстық ахуалды жақсартуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, тіркелген қылмыс саны 3,1%-ға азайған. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 22,6%-ға, ал көшедегі құқық бұзушылықтар 23,7%-ға төмендегені байқалады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бейнебақылау жүйесін жаңғырту шеңберінде тағы 117 камера орнатылып, Жедел басқару орталығының мүмкіндіктері кеңейтілген.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері 42 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркеліп, жалпы сомасы 555 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сот шешімімен 243 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Руфат Кенжин жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі ретінде жол төсемінің сапасыздығын атады. Бұл бағытта жыл басынан бері автожолдарға 465 тексеру жүргізіліп, 448 ақау анықталған. Құзырлы органдарға олқылықтарды жою бойынша 465 нұсқама беріліп, жолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін 73 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға шамамен 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар қаңғыбас малдың қатысуымен болған жол апаттарының алдын алу шаралары қолға алынды. Биылғы жылдың басынан бері айыппұл тұрағына иесіз жүрген 3314 бас мал қамалып, 181 мал иесіне әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық технологиялар да қолданысқа енгізілуде. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап сынақ режимінде "Ekin Patrol G2" және "ҒACLE-s" аппараттық-бағдарламалық кешендері іске қосылды. Бұл жүйелер полиция қызметкерлерінің планшеттерімен толық интеграцияланған.
Сонымен қатар қасақана айыппұл төлемей жүрген борышкерлерден 18 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.
2025 жылдың 17 наурызынан бастап республикалық маңызы бар автожолдарда орташа жылдамдықты бақылауға арналған "Зерек" кешендері іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл кешен 70-ке жуық заң бұзушылықты анықтады.
– Полиция қызметкерлері заң талаптарын қатаң сақтай отырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бар күш-жігерін салып жұмыс істеп келеді, – деп қорытындылады баяндамасын Руфат Кенжин.