Павлодар облысында қос елдің азаматтығымен жүрген ер адам елден шығарылды
Павлодар облысында қос елдің азаматтығымен жүрген ер адам елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10-17 наурыз аралығында Павлодар облысының полицейлері «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары шетелдік азаматтардың көші-қон заңнамасын сақтауын мұқият тексереді.
– Осы жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Успен ауданының Таволжан ауылында Ресей Федерациясының азаматы анықталды. Ол 2009 жылы еліміздің аумағына кіріп, заңнамада белгіленген мерзімде кетпеген. Бұл үшін ер адам ҚР ӘҚБК 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, оның бірге тұратын әйеліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабының 2-бөлігі бойынша шетелдік тұлғаның заңды бұза отырып тұруына жол бергені үшін әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Павлодар облысы Успен ауданы полиция бөлімінің бастығы Берік Оралов.
Сонымен қатар, полицейдің айтуынша, қос азаматтықты анықтау фактілері бойынша екі материал сотқа жіберілді.
Мысалы, ауыл тұрғыны Ресей Федерациясының азаматтығын алғандығы туралы дер кезінде полицейлерге хабарламаған, ал шекарадан өту кезінде Қазақстанның құжаттарын пайдаланған. Бұл үшін құқық бұзушы ҚР ӘҚБК 496-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешіміне байланысты ер адам 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарылды.
– Успен ауданының аумағында шетелдіктердің болу ережелерін бұзудың 10 фактісі анықталды. Оның ішінде Ресей Федерациясының екі азаматы елден шығарылды, төрт адамға Қазақстан Республикасында болу мерзімі қысқартылды, – деп атап өтті Берік Оралов.