Павлодар облысында құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркейтін құрылғылар азаматтарға 25 млн теңгеге айыппұл салды
Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін автоматты түрде тіркеу құрылғылары азаматтарға 25 млн теңгеден астам сомаға айыппұлдар салған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Жыл басталмай жатып, Ертіс өңірі тұрғындарының
камералар тіркеген құқық бұзушылықтары үшін салынған айыппұл мөлшері 25 миллион теңгеден асып түсті. Жыл басынан бері өңірде жол қозғалысын бақылаудың тұрақты жылдамдық өлшегіштері мен жаңа заманауи жүйелерімен 2880 құқық бұзушылық анықталды,- деді Павлодар облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Таңатаров.
Автокөлік жүргізушілері арасындағы ең көп таралған құқық бұзушылықтар түрі – белгіленген жылдамдықты арттыру. Екінші орында жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен белгіленген талаптарды сақтамау. Үшінші орында бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтетіндер жайғасқан.
Тұрғындар арасында құқық бұзушылықтар жасаудан көш бастап тұрғандар да бар. Мәселен, жыл басынан бері 25 жастағы жүргізуші жылдамдық режимін бұзғаны үшін құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесінің камераларына 10 реттен артық түскен. Өткен жылы да құқық бұзушыны камералар бірнеше рет тіркеген болатын.
Полиция жол ережелерін бұзу жолда ауыр зардаптарға әкелетінін айтады. Тәртіп сақшылары автомобиль қозғалысының маңызды параметрі – жылдамдық, оны дұрыс таңдай алмау жол-көлік оқиғаларына әкеп соқтыратынын айтты. Көлік құралдарының соқтығысуы мен аударылуы салдарынан жол-көлік оқиғалары барысында зардап шеккендердің 50 пайыздан астамы қайтыс болады.
– Жолда жарыс ұйымдастырмаңыздар. Естеріңізде болсын, қауіпсіздік- күмәнді «жеңістерден»әлдеқайда маңызды. Бүгінгі күні Павлодар қаласында жылдамдық режимін бұзуды және бағдаршамның қызыл сигналына өтуді анықтау үшін 10 бірлік «Оракул» біріктірілген жүйесі, 3 бірлік «Интегра» интеллектуалдық жүйесі және 10 бірлік «Автоураган» жұмыс істейді, – деп атап өтті Нұржан Таңатаров.