Павлодар облысында қылмыс деңгейі төмендеді
Павлодар облысында қылмыс деңгейі төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бастап өңірде жалпы құқық бұзушылықтар саны төмендеді. Атап айтқанда, тонау, қарақшылық, ұрлық, бұзақылық және зорлау сияқты қылмыс түрлері азайған.
Сонымен қатар мас күйде топтық құқық бұзу және отбасылық тұрмыстық зорлық- зомбылық төмендеген. Полицейлердің өткізген кешенді профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде оң өзгерістер байқалады.
Өңірде бейнебақылау жүйелері белсенді жұмыс істеп тұр. Азаматтармен алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, полицейлер "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыруды жалғастыруда. Бұл бағытта қоғамдық қауіпсіздік пен өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары қабылдануда.
– Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Біз тек тәртіпті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтарға әрекет етумен шектелмейміз, қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргіземіз. Бұл – барлық полиция бөлімшелерінің еңбегі мен жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылдың нәтижесі, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Биыл 825 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1166 азамат ауыр жарақат алды. Жыл басынан бері полицейлер мас күйде көлік басқарған мыңнан астам жүргізушіні ұстады. Барлық құқық бұзушылар заң аясында жауапкершілікке тартылды.
Қорытындылай келе, Василий Скляр алдағы кезеңге қызмет басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қызметтік тәртіпті сақтау, кәсіби этика нормаларын орындау және азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасау мәселелерін талқылады.
– Полицияның міндеті – жазалау емес, алдын алу. Заң бұзған адам міндетті түрде жауап береді. Ал әрбір полиция қызметкері азаматтардың сенімі – біздің қызметіміздің негізі екенін, ал "Заң және тәртіп" қағидаты – басты бағыт-бағдарымыз екенін ұмытпау керек, – деді Василий Скляр.