Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында қызмет барысында қаза тапқан батырды еске алуға арналған турнир өткізілді

Успен ауылында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан милиция лейтенанты Асылбек Бижановты еске алуға арналған турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1997 жылғы 19 қазан – қайғылы күн. Сол күні лейтенант Асылбек Бижанов пен ІІБ-нің кіші жедел уәкілі Талғат Сембаев аурухананың хирургиялық бөлімшесінде қызметке тағайындалған еді. Олар ұсталған қылмыскерді емдеуге алып барған еді. Алайда кешке қарай палатаға мылтықпен қаруланған төрт адам баса-көктеп кіріп, қызметкерлерге оқ жаудырды. Асылбек Бижанов оқиға орнында қаза тапты, ал Талғат Сембаев ауыр жараланды. Қарулы шабуылдаушылар өздерімен бірге қылмыскерді алып қашқанымен, көп ұзамай ұсталды.

— Сот үкімімен олар жазаға тартылды, — деді Павлодар облыстық полиция департаментінің арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Ерік Төлегенов.

— Асылбек Бижанов – өз ісіне адал, кәсіби білікті маман, тамаша адам болды. Ол батырлығымен, ұстанымдылығымен және форманың абыройын жоғары ұстай отырып, өз өмірін қауіпке тікті. Бүгінде полиция – халықтың сенімді тірегі. Асылбектің есімі біздің жадымызда мәңгі қалады. Ол — қызметтік борышты мінсіз орындаудың, ерліктің, антқа адалдықтың жарқын үлгісі. Отанын, туғандарын, достарын қорғау жолында қаза тапқандарға – жарқын естелік пен мәңгілік даңқ. Қаза тапқан батырлардың туыстары мен жақындарына тағзым етеміз, — деді Успен ауданының әкімі Нұрболат Мұқашев.

Жиын барысында Асылбектің анасы Ұмсанған Шәрімқұлқызы да сөз сөйлеп, ұлын еске алды.

— Мен сіздердің қызметтеріңіздің қаншалықты қауіпті әрі қиын екенін жақсы білемін. Сіздер күн сайын жұмысқа шыққанда өмірлеріңізге, денсаулықтарыңызға қауіп төндіресіздер. Мен сіздерге әрқашан аман-есен үйлеріңізге оралуды тілеймін. Өз отбасымның атынан ұлымның бұрынғы әріптестері мен достарына – жанашырлығы мен қолдауы үшін шын жүректен алғыс білдіремін, — деді ол.

Асылбек Бижановты еске алу мақсатында өткен спорттық жарысқа департаментке қарасты бөлімшелерден 13 команда қатысты. Қатысушылар төрт бағыт бойынша күш сынасты: шағын футбол, штанга көтеру, гір тасын көтеру және қол күрес. Стадионда нағыз спорттық рух пен бәсекенің лебі сезілді. Командалар жоғары дайындық пен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

Қиын да қызықты жарыс нәтижесінде:

- Шағын футболдан 1-орын – ЖҚАЖ командасы;

- 2-орын – ППР командасы;

- 3-орын – Павлодар қалалық ПБ командасы.

Үздік ойыншылар:

- Үздік ойыншы – Мұрат Ауғалиев;

- үздік қорғаушы – Байболат Қалиасқар;

- үздік қақпашы – Диас Айкен;

- үздік шабуылдаушы – Нұрасыл Елеукин.

Турникке тартылудан:

- 1-орын – Қуаныш Шұғайыпов;

- 2-орын – Али Абельдинов;

- 3-орын – Алмас Есенгелдин.

Жалпыкомандалық есеп:

- 1-орын – ЖҚАЖ командасы;

- 2-орын – полиция департаменті аппаратының командасы;

- 3-орын – Баянауыл аудандық ПБ командасы.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру