Павлодар облысында қызметтік иттің көмегімен ұрылар ұсталды
Павлодар облысында қызметтік иттің көмегімен ұрылар ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қазан Тереңкөл ауданының полиция бөліміне аудан ауылдарының бірінің шаруа қожалығының басшысы жүгінді. Ауыл тұрғыны өзінің шаруа қожалығының аумағын қоршап тұрған металл құбырлардың ұрланғанын мәлімдеді.
- Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы жіберілді, оның құрамына Альдо есімді қызметтік-іздестіру иті бар кинолог қызметкер де кірді. Келген бетте оқиға орнында аяқ киімнің ізі табылды. Із алған Альдо осы ауылдағы үйлердің біріне қарай беттеді және сол үйдің шаруашылық ауласындағы қора-қопсының маңайындағы сабанның астында жасырылған ұрланған құбырларды еш қиындықсыз тапты, - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен, төрт аяқты полицейдің өткір иісшілдігінің арқасында осы ұрлықты жасады деген күдіктілер анықталды. Ұрланған мүлік тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, Павлодар облысында жыл басынан бері қызметтік полиция иттерінің көмегімен 293 қылмыс ашылды.