Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында шекарадан заңсыз өткен шетелдік ұсталды

Павлодар облысында шекарадан заңсыз өткен Ресей Федерациясының азаматы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын бақылауды күшейту және заңсыз көші-қон фактілерінің жолын кесу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Павлодар облысының аумағында 10-17 наурыз аралығында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Өткізілген іс-шараның негізгі мақсаты – елде болу ережелерін бұзған шетелдіктерді анықтау.

– Көші-қон заңнамасын бұзған 635 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 331 шетел азаматы бар. Сот шешімімен 24 шетелдік елден шығарылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 28 фактісі анықталды. Барлық фактілер бойынша шетелдік азаматтарды жұмысқа заңсыз алған жұмыс берушілер ҚР ӘҚБК 519-бабы (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Арман Уәлиев.

Тәртіп сақшысы шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болудың белгіленген ережелерін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша Қазақстанның 220 азаматы жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Іздеуде жүрген сегіз қылмыскер ұсталды. Мысалы, 13 наурызда Павлодар ауылдарының бірінде 2015 жылы белгіленген өткізу пункттерін айналып өтіп, Железин ауданы учаскелерінің бірінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен Ресей Федерациясының азаматы ұсталды. Ал Павлодар қаласында 12 наурызда рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Қайырбаев көшесіндегі үйлердің бірінің жертөлесінде полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырған Өзбекстанның 16 азаматын анықтады.

Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, қалалық ЖШС бірінің жұмыс беруші директоры ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру