Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында студенттер мен оқушылар полиция жұмысымен танысты

Павлодар облысында студенттер мен оқушылар полиция жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының полиция департаментінде ашық есік күні өтті. Іс-шараға колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Ішкі істер органдарындағы қызмет – еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ең құрметті мамандықтардың бірі.

– Ашық есік күні – жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың мәдени, рухани және зияткерлік дамуына ықпал ету, сондай-ақ полиция қызметінің беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Түлектерде әлі де болашақтарын ойластырып, ведомстволық оқу орындарына түсу үшін қажетті құжаттарды жинауға уақыт бар. Біз олардың әрқайсысын өз қатарымызда көргіміз келеді. Ертеңгі күні олар курсант немесе полиция қызметкері ретінде қайта оралары анық, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орумбаев.

Іс-шара Тарих және жауынгерлік даңқ мұражайынан басталды. Онда балалар ішкі істер органдарының тарихы және жетістіктерімен танысты. Қонақтарға ретрофотосуреттер, әр дәуірдегі формалар, қару-жарақ түрлері, марапаттар мен ерекше белгілер көрсетілді.

Мұражайдан соң қонақтар Жедел басқару орталығына барды. Онда оларға құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылатын заманауи технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілді. Бұл – нақты уақыт режимінде бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін жүйе.

Сондай-ақ оқушылар мен студенттердің алдында кинолог мамандар қызметтік иттерімен бірге өнер көрсетті. Полицейлер есірткінің зияны туралы түсіндіріп, иттер өздерінің зеректігімен, адалдығымен жұртты тәнті етті.

Балалар үшін ерекше әсерлі болған сәт – қызметтік көліктердің көрмесі. Полицейлер патрульдік көліктерді таныстырып, оқушылар ішін аралап, олардың техникалық жабдықтарымен танысты. Бұл олардың қызығушылығын оятып, көптеген жағымды эмоция тудырды. Сонымен қатар ЖҚАЖ жауынгерлері өздерінің қару-жарағы мен жабдықтарын көрсетті.

Арнайы және мобилизациялық дайындық басқармасының қызметкерлері өткізген өзін-өзі қорғау элементтері мен суға кеткен адамға алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабағы балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл жаттығуға ТЖД қызметкерлері де қатысты.

Іс-шараның маңызды бөлігі – кәсіптік бағдар беру болды. Мектеп түлектері мен колледж студенттері полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, ішкі істер органдарына қарасты ЖОО-на түсу тәртібі туралы нақты ақпарат алды. Бүгінгі таңда ІІМ жүйесінде Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қалаларында орналасқан төрт оқу орны жұмыс істейді.

Іс-шара соңында қатысушылар полиция департаментіне мазмұнды әрі қызықты кездесуі үшін алғыстарын білдірді. Өйткені мектепті немесе колледжді аяқтау – адамның өміріндегі маңызды кезең. Бұл – мақсат қойып, болашақ жолды анықтайтын уақыт.

– "Полициядағы ашық есік күні" шарасының арқасында біз армандаған мамандыққа бір қадам жақындадық. Кездесу өте қызықты әрі жылы өтті. Полиция қызметінің ішкі әлемімен танысуға, олармен ашық сөйлесуге мүмкіндік бергендеріңізге алғыс айтамыз, – деп өз әсерімен мектеп жанындағы лагерьдің оқушысы Давид Смирнов бөлісті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру