Павлодар облысында студенттермен нашақорлықтың алдын алу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді
Ертіс ауданы полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Төлеген Алпысбаев аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізіп, нашақорлықтың алдын алу тақырыбында әңгіме өрбітті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың есірткіні тұтынуға теріс көзқарасын қалыптастыру, оларды спортқа баулу және зиянды әдеттерден арылту. Спикер студенттерге синтетикалық және басқа да есірткі түрлерінің, психотроптық заттардың адам өмірі мен денсаулығына тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндіріп, сондай-ақ есірткіні сақтауға немесе өткізуге байланысты жасалатын қылмыстардың ауыр салдарын атап өтті.
Жиын барысында студенттерге есірткінің зияны жайлы бейнематериал көрсетіліп, ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар тәртіп сақшысы жастарға онлайн-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы айтып, алаяқтарды тану мен жеке деректерді қорғау жөнінде практикалық кеңестер берді.
Кездесуде дроппер мәселесі де жеке қаралды. Бұл – азаматтардың қылмыстық топтардың өтініші бойынша өз атына банктік карталар рәсімдеп беруі немесе заңсыз ақша аударымдары үшін шоттарын пайдалануға келісуі.
- 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді. Енді қылмыс жасауға көмектескен дропперлер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді Төлеген Алпысбаев.
Сонымен бірге полиция өкілі бөтеннің мүлкін ұрлау көбіне меншік иелерінің немқұрайдылығынан болатынын атап өтті. Көбінесе азаматтар велосипед, самокат сияқты заттарын кіреберістерде, балалар алаңдарында немесе дүкен маңында қараусыз қалдырып кетеді. Тергеу тәжірибесінде мұндай ұрлықтарға кәмелетке толмағандардың жиі қатысатыны және оның ауыр құқықтық салдары болатыны анықталады.