Павлодар облысында тәртіп сақшылары тұрғындармен жүздесті
Павлодар облысында тәртіп сақшылары тұрғындармен жүздесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шарбақты ауданында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полицияның халықпен өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында азаматтарды қабылдау өткізілді.
Аудан тұрғындары қабылдау барысында құқықтық тәртіпке, тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдарын қойды. Әрбір өтініш жеке қаралып, бірқатар сұрақтарға сол жерде түсініктеме берілсе, кейбір өтініштер алдағы уақытта шешу үшін бақылауға алынды.
Мәселен, қабылдауға келген әйел туысының алкогольді ішімдікті шамадан тыс пайдаланып, ескертуге құлақ аспайтынын айтып, оны арнайы мекемеге орналастыруға көмек сұрады. Полиция қызметкерлері бұл өтінішті назарға алып, құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесіп, емдеуге жіберу шараларын қабылдады.
– Біздің басты міндетіміз – халыққа барынша жақын болу, олардың мәселелерін тыңдау және шешуге көмектесу. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана ауданымыздағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Мұндай қабылдаулар халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтуға, ішкі істер органдары қызметінің ашықтығын арттыруға және азаматтарға уақытылы көмек көрсетуге ықпал етеді.