Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында түнгі серуенге шыққан балалардың ата-аналары жауапқа тартылды

Павлодар облысында түнгі серуенге шыққан балалардың ата-аналары жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Павлодар облысында полицейлер кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің 2211-ін түнгі уақытта ата-анасының немесе қамқоршысының еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүргені үшін әкімшілік жауапқа тартты.

Күзгі каникул кезеңінде тәртіп сақшылары балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оның жолын кесу мақсатында жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізуде.

Тек демалыс күндері өткен рейдтер барысында түнгі уақытта үйінен тыс жүрген 30 кәмелетке толмаған бала анықталды. Барлық дерек бойынша полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырып, жасөспірімдерді ата-аналарына табыстады және түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізді.

– Баланың түнгі уақытта үйден тыс жерде алғаш рет жүргені үшін заңды өкілге ескерту жасалады. Егер мұндай жағдай жыл ішінде қайталанса, материал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.

Сонымен қатар түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін жауапкершілікке тек ата-аналар ғана емес, сондай-ақ сол мекемелердің иелері мен әкімшілері де тартылады. Биылдың өзінде мұндай заңбұзушылыққа жол берген 53 ойын-сауық орнының басшысы мен әкімшісі сот шешімімен жауапқа тартылған.

Полиция еске салады: кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта, яғни сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін ойын-сауық орындарында және сағат 23:00-тен 6:00-ге дейін ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуға тыйым салынады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру