Павлодар облысында түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдердің ата-анасы жауапқа тартылды
Павлодар облысында жыл басынан бері түнгі уақытта үйдес тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандардың 1861 ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мысалы, рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері сағат 22:50-де қала кафелерінің бірінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз екі кәмелетке толмаған баланың болу фактісін анықтады. Кейінірек караоке-клубта түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген жасөспірім табылды.
– Сағат 23:00-де 18 жасқа дейінгі балалар үйде болуы керек және темекі шегетін караокеде отырмауы. Ата-аналар балаларының денсаулығы мен өміріне жауапты. Кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта ата-анасыз ойын-сауық мекемесінде болғаны үшін тек ата-аналар ғана емес, ойын-сауық мекемесінің иелері де жауапқа тартылады. Тек осы жылдың өзінде 58 мекеменің иелеріне жаза қолданылды, материалдар сотта қаралды, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
Жастардың тағы бір көп шоғырланатын орны – Орталық жағалау. Мұнда түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды ұстау тұрақты жүргізіледі. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты барлық факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Полицейлер аймақ тұрғындарына кәмелетке толмағандардың үйден тыс жерде жүруінің арты жақсы болмауы мүмкін екенін еске салды. Полиция қызметкерлері балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.