Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында тұрғындардың тыныштығын бұзған азаматтар анықталды

Павлодар облысында тұрғындардың тыныштығын бұзған азаматтар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері азаматтардың тыныштығы мен тынығу тәртібін бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бойынша күн сайын жұмыс жүргізуде. Өткен жылы құқық қорғау органдарына тыныштықтың бұзылуына қатысты 6779 қоңырау түскен.

Статистикалық деректерге сүйенсек, павлодарлықтар көбіне полицияға көршілеріне шағымданады. Жауапкершілікке тартылғандардың басым бөлігі – жеке тұлғалар. Олар түнгі уақытта қатты дауыс көтеріп, жанжал шығару немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы көршілерінің тыныштығын бұзған.

Мысалы, қысқы кештердің бірінде облыс орталығының тұрғыны өз пәтерінде кешкі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған. Жөндеуге беріліп кеткен ер адам уақытты мүлде ескермеген. Көршілердің шыдамы түнгі сағат 23:00-ден кейін таусылып, олар полицияға хабарлаған.

Тағы бір жағдайда көпқабатты үйдің тұрғыны түн ортасында музыканы бар дауысына қосып, көршілерінің ескертулеріне мән бермеген. Аталған азаматтарға қатысты іс қозғалды.

– Біздің еліміз – құқықтық мемлекет. Әрбір азамат заң талаптарын сақтауға, сондай-ақ қоғамдық тәртіп мәселелеріне бейжай қарамауға міндетті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін тыныштықты бұзуға тыйым салынады. Бұл талаптарды әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлерде сақтау аса маңызды, – деп еске салды полиция қызметкерлері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру