Павлодар облысында тұрғынды балағаттаған ер адам қамауға алынды
Павлодар облысында тұрғынды балағаттаған ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Железин ауданының учаскелік полиция инспекторына Башмачное ауылының тұрғыны қоңырау шалып, белгісіз ер адам оны балағаттап, дөрекілік танытқанын айтып шағымданған. Бұл жағдай дүкенде тұрған басқа да адамдардың көзінше болған.
Учаскелік инспектормен «бұзақы» тез анықталды, ол 29 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Ер адам өз мінезіндегі шадырлықты тізгіндей алмай, бар ашу-ызасын дүкенде кезекте тұрған әйел адамға жаудыра салғанын түсіндірді. Бұзақыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 3-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Материал сотта қаралып, аудандық соттың қаулысымен ер адамға 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.
Полиция аталмыш ауыл тұрғынының ұсақ бұзақылық жасағаны үшін полицияға осымен бірнеше рет жеткізілгенін атап өтті.
Айта кетейік, жылдың басынан бері павлодарлық полицейлер ұсақ бұзақылық жасаған 1049 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олардың барлығы қолданыстағы заңнама аясында жазаланды.