Павлодар облысында "Учаске ЖПІШ" бойынша брифинг өтті
Павлодар облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде "Учаске" республикалық жедел алдын алу іс-шарасын талқылауға арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйектен бастап Павлодар облысы аумағында тұрғындардың қауіпсіздігін және тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған "Учаске" республикалық іс-шарасы басталды
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерді аралап, тұрғын үйлерді тексеріп, азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Іс-шара басталғалы бері тәртіп сақшылары 200 мыңға жуық тұрғын үй секторын аралады, – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының міндетін атқарушы Азамат Куркебаев.
Сонымен қатар 9 мыңға жуық қару иелері тексеріліп, тексеріс барысында қаруды сақтау ережелерін бұзудың 69 дерегі және қаруды тіркеу мен қайта тіркеу мерзімін бұзудың 44 дерегі анықталған. Заңсыз айналымнан 23 бірлік қару алынды. Қару сақтау және алып жүру ережелерін бұзған 69 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың қолынан 98 бірлік қару тәркіленді.
Әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 18 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар 296 кәмелетке толмаған тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар тіркелді.
Тұрғылықты жері бойынша 14 мыңнан астам полиция есебінде тұрған тұлғалар тексеріліп, олардың ішінде 3,5 мыңына жуық қорғау ұйғарымы шығарылды, сондай-ақ 2 мың азаматқа мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар қойылды.
Бұдан бөлек, қоғамнан оқшаулаусыз жаза өтеп жүрген тұлғалар тарапынан 36 тәртіп бұзу дерегі анықталып, оның 25-і бойынша – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру, 11-і бойынша – пробациялық бақылау мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. 95 баспанасыз азамат қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын заңды бұзбауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Заң талаптарын орындау арқылы полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.
