Павлодар облысында заңсыз сақталған 11 атыс қаруы тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында атыс қаруы мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымын анықтау, сондай-ақ ұрланған және жоғалған қаруларды іздестіру мақсатында республикалық "Қару" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері шара аясында шаруа және фермер қожалықтарын, мал айдау учаскелерін, сондай-ақ автокөліктерді тексеріп, заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізуде.
– Іс-шара басталғаннан бері 11 заңсыз сақталған атыс қаруы мен 20 дана оқ-дәрі тәркіленді. Мәселен, Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйдің ауласында ер адамның қолынан қолдан жасалған қалам-пистолет алынды. Ал Павлодар қаласында облыс орталығы тұрғынынан "Reck" тапаншасы тәркіленді. Барлық қарулар бойынша баллистикалық сараптама тағайындалып, оның нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: атыс қаруын өз еркімен тапсырған азамат заңсыз сақтау дерегі үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар заңсыз сақталған қару-жарақты, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды ақылы түрде өткізуге ниет білдіргендер кез келген полиция бөліміне өтінішпен жүгіне алады.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз қару айналымының алдын алу.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.