Павлодар облысында жалған тіркеуге қарсы жедел іс-шара өткізілді: 313 құқық бұзушылық анықталды
Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұрғылықты жері мен нақты тұратын мекенжайы бойынша тіркеу саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру мақсатында Павлодар облысында "Резеңке пәтер" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың сөзінше, іс-шара барысында 313 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз жүргені үшін 275 азамат жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары жалған тіркеудің 37 фактісінің жолын кесті. Нақты тұрмайтын тұлғаларды өз тұрғын үйіне тіркеуге жол берген баспана иелері жауапкершілікке тартылды. Тіркеу мекенжайында іс жүзінде тұрмайтын 96 адам тіркеуден шығарылды, олардың 19-ы — шетел азаматтары. Сондай-ақ онлайн-платформаларда ақылы негізде тіркеуге қою туралы хабарландыру жариялаған екі дерек анықталып, жолы кесілді.
Бұдан бөлек, облыстың көші-қон қызметі бөлімшелері қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп, бір мекенжай бойынша көптеген азамат тіркелген пәтерлерді тексеру жұмыстарын жүргізді. Бір мекенжайға 15 және одан да көп адамды тіркегені үшін 8 тұрғын үй иесі жауапкершілікке тартылды.
