Павлодар облысында жасөспірім ең алғашқылардың бірі болып жеке куәлігін онлайн рәсімдеді
Павлодар облысында жасөспірім ең алғашқылардың бірі болып жеке куәлігін онлайн рәсімдеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция департаментінде “Жеке куәлік беру” мемлекеттік қызметі бойынша пилоттық жоба аясында eGov және mGov электронды форматтары арқылы алғашқы қазақстандық азаматқа жеке куәлікті табыстау рәсімі өтті.
Заманауи электронды сервистердің көмегімен Павлодар облысында жеке куәлікке алғашқылардың бірі болып павлодарлық Асет Ануарбеков ие болды.
– Бұл оқиға – жас азаматымыздың өміріндегі жаңа кезең ғана емес, сонымен қатар бүкіл мемлекеттік қызметтер жүйесінің сапалы жаңа деңгейге өтуінің белгісі. Бүгін біз жай ғана құжат беріп отырған жоқпыз – біз технологиялардың мемлекетті адамға жақындататынын, цифрландырудың маңызды процестерін жеңілдетіп, жеделдететінін көрсетіп отырмыз. Сондай-ақ бұл – жаңашылдыққа ашық болу, уақытпен бірге қадам басу және Қазақстанның цифрлық болашағының бір бөлшегі болуға ұмтылудың дәлелі, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.
– Мен зауытта жұмыс істеймін, күнделікті өмірде жеке істерге уақыт табу өте қиын. Кезекте тұру, ХҚКО-ға бару – мұның бәрі уақытты талап етеді. Сондықтан мен eGov және mGov қосымшалары арқылы электронды қызметті пайдаландым және өте риза болдым! Процесс өте аз уақыт алды: мен идентификациядан өттім, фотоға түсіп, қол қойдым – мұның бәрі телефон арқылы жүзеге асты. Кезексіз, артық әурсіз– жылдам, ыңғайлы әрі заманауи. Құжатым электронды форматта рәсімделіп, берілгеніне қуаныштымын. Бұл менің уақытымды үнемдеп қана қоймай, Қазақстанның заман ағымымен бірге дамып, азаматтарына қамқорлықпен қарайтынын көрсетті, — дейді Асет.
— Онлайн-сервис арқылы жеке куәлікті алғашқылардың бірі болып алғаныма ерекше мақтанамын. Осындай мүмкіндік үшін, өмірімізді жеңілдететін цифрлық шешімдер үшін алғыс айтамын, – деп бөлісті павлодарлық азамат.
Полиция департаменті еске салады: 2025 жылдың мамыр айынан бастап “Қазақстан Республикасы азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру” мемлекеттік қызметі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Аталған қызмет жеке куәліктің қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты онлайн форматта eGov электронды үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы рәсімделеді.
Бұл қызметті онлайн түрде пайдалану үшін жеке куәліктің қолданылу мерзімі аяқталуына 30 күннен аз уақыт қалуы немесе қолданылу мерзімі 10 күннен артық өтпеуі қажет.