Павлодар облысында жасөспірімге темекі сатқан сатушы әкімшілік жауапқа тартылды
Павлодар облысында жасөспірімге темекі сатқан сатушы әкімшілік жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық шарасы аясында Павлодар ауданының дүкендерінің бірінде полицейлер кәмелетке толмаған жасөспірімге темекі өнімін сату дерегін анықтады. Сауда нүктесінде жұмыс істейтін сатушы сатып алушының жасын сұрап, құжаттарын тексерместен, оған бір қорап темекі берген. Аталған дерек бойынша сатушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа қарауға жолданды.
Сонымен қатар Ақ.Шокин көшесінде орналасқан тұрғын үйдің кіреберісінде тағы бір кәмелетке толмаған жас анықталды. Ол үйдің лифтіндегі дисплейді жұдырығымен ұрып сындырып, қоғамдық мүлікке зиян келтірген. Осы құқық бұзушылық үшін оның анасына қатысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Павлодар облыстық полиция департаменті ата-аналарды балаларының тәрбиесіне аса мән беруге шақырады.
– Баланың әрекеттері үшін ата-ананы жазалау – мәселені шешудің жалғыз жолы емес. Тиімді алдын алу шаралары мен саналы тәрбие көбіне әлдеқайда жақсы нәтиже береді. Баламен тұрақты байланыста болу, оған көңіл бөлу, қамқорлық таныту және оның өміріндегі оқиғаларға араласу – заңмен байланысты мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді тәртіп сақшылары.
"Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы бері полиция қызметкерлері түрлі құқық бұзушылықтар бойынша 158 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жүргені үшін – 101, баланың тәрбиесімен тиісті деңгейде айналыспағаны үшін – 29 ата-анаға, ал кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқан – 3 және ойын-сауық орындарында түнгі уақытта болғаны үшін – 6 заңды тұлға мен өкілге әкімшілік іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын жасөспірімдердің тағдырына бейжай қарамауға, ата-ана ретінде жауапкершілік танытып, балалармен сенімді қарым-қатынас орнатуға үндейді. Себебі әрбір бала үшін ата-анасының қолдауы мен түсіністігі – өмірлік маңызды тірек.