Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ЖБО камералары арқылы 25 мың құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Павлодар облысында ЖБО камералары арқылы 25 мың құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бейнебақылау мен цифрлық бақылау жүйелері тиімді түрде қолданылып келеді.

Қазіргі таңда облыс аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін 67 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 117-сі - көше камералары. Бұл жүйелер қылмыстардың алдын алуға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және жедел ашуға мүмкіндік беріп отыр.

2025 жылы полицияның "102" арнасына 195 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Бейнебақылау камераларының көмегімен 198 қылмыс ашылып, шамамен 25 мың құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда 2094 ұсақ бұзақылық, 2871 қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, сондай-ақ 16 758 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген.

Адамдар көп жиналатын орындарда бейнебақылаумен қатар, жедел аудио арқылы көмек шақыруға мүмкіндік беретін SOS-құрылғылар орнатылған. Қазіргі уақытта мұндай құрылғылар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы 20 нүктеде, сондай-ақ облыс аудандарындағы 9 нүктеде тұрақты жұмыс істеп тұр.

Азаматтардың өтініштерін қабылдаудың заманауи тетігі ретінде енгізілген "Омниканальдылық" жобасы да өз тиімділігін дәлелдеуде. Бұл жүйе арқылы барлығы 1206 хабарлама тіркелсе, оның 389-ы "Заң және тәртіп" мобильді қосымшасы арқылы жолданған.

Сонымен қатар, 2025 жылдың басынан бастап Павлодар қаласында "Сергек" бейнеплатформасы негізінде бет-әлпетті тану функциясы бар 105 зияткерлік камера 40 нысанға орнатылды. Аталған нысандар қатарында білім беру және мектепке дейінгі мекемелер, медициналық ұйымдар, сондай-ақ полиция бөлімшелері бар.

Қыркүйек айынан бері жедел басқару орталығының камералары арқылы бет-әлпетті тану нәтижесінде 9 сәйкестік тіркелді. Мәселен, Камзин көшесінде бейнеаналитика көмегімен келтірілген залалды өтеуден жалтарып жүрген борышкер анықталып, ұсталды. Сондай-ақ қаладағы мектептердің бірінде екі кәмелетке толмаған баласына алимент төлемегені үшін іздеуде жүрген тұрғын да табылып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Павлодар облысының полиция департаменті цифрлық технологияларды дамыту, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және халықпен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру