Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ЖБО камераларының көмегімен құқық бұзушылықтар анықталуда

Павлодар облысында ЖБО камераларының көмегімен құқық бұзушылықтар анықталуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мини жедел басқару орталығының операторы бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 8 фактісінің жолын кесті.

– Мәселен, ЖБО қызметкері Амангелді көшесімен қозғалып келе жатқан ВАЗ-2110 маркалы автокөлікті байқап, оның жолаушысының қауіпсіздік белдігін тақпағанын анықтады. Құжаттарды ІІМ дерекқорлары арқылы тексеру барысында аталған автокөлікке орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің дәл осындай маркалы басқа көлік құралына тіркелгені белгілі болды. Көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі тәркіленді, автокөлік айып тұрағына қойылды. Сондай-ақ, қауіпсіздік белдігін пайдалану қағидаларын сақтамағаны үшін жолаушыға да әкімшілік шаралар қолданылды, – деді Аққулы ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Серік Усенов.

Жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдалану – ауыр құқықбұзушылық болып табылады және ол автокөлікті ұрлау, заңсыз тасымалдар жасау немесе айыппұлдардан жалтару секілді өзге де қылмыстарды жасырумен байланысты болуы мүмкін.

Полиция әрбір жүргізуші көлік құралында тек ресми түрде тіркелген және сол автокөлікке бекітілген мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдалануға міндетті екенін еске салады. Жалған немесе өзге көлікке тиесілі нөмірлерді қолданғаны үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те көзделген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру