Павлодар облысында жедел жәрдем жүргізушісі мас күйінде ұсталды
Павлодар облысында жедел жәрдем жүргізушісі мас күйінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында 5 желтоқсаннан бастап «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның бірінші күнінде 650-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Спирттік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйде жүргені үшін 100-ге жуық азамат жауапкершілікке тартылды, олардың 14-і автокөлікті мас күйінде жүргізген.
– Мысалы, 5 желтоқсан күні сағат 00:15 шамасында Тереңкөл ауданының полиция қызметкерлері жанармай құю станциясының бірінде жедел жәрдем көлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде инспектор жүргізуші өзін күмәнді ұстағанын байқады. Сол себепті куәландыру жасалып, оның нәтижесі бойынша жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жолданды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғалым Сарғұлов.
Тәртіп сақшысы аудандық аурухананың аға механигіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 619-бабы бойынша 40 АЕК айыппұл салынғанын және әкімшілік материал толтырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, белгіленбеген орындарда жолдан өткен 77 жаяу жүргінші жазаланды, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 44 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.