Павлодар облысында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқан 3,5 мыңнан астам азамат анықталды
Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзғандарға 38 млн теңгеден астам айыппұл салынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының көші-қон қызметі көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында тұрақты түрде мақсатты рейдтік іс-шаралар мен пысықтаулар жүргізіп келеді. Биылғы жылдың басынан бері жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде 2219 азамат жауапқа тартылған. Олардың 583-і шетел азаматтары болса, 1636-сы – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Анықталған заң бұзушылықтардың ішінде 441 шетел азаматы елде болу тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 42 құқық бұзушыға әкімшілік шара қолданылған.
Полиция қызметкерлері жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқан 3517 азаматты анықтаған. Заңға сәйкес, 293 әкімшілік іс сотқа жолданып, нәтижесінде 53 шетел азаматы Қазақстан Республикасынан шығаруға шешім қабылданған.
Жалпы, көші-қон заңнамасын бұзу фактілері бойынша 38 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ іздестіруге жарияланған 154 алимент төлемеушінің 80-і табылып, 25 борышкердің жетеуі анықталды.
Бұл жұмыстар көші-қон үдерісін заң аясында реттеуге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.