Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында Жеңіс батыры мен ІІО ардагерін еске алуға арналған футбол турнирі өтті

Ертіс ауданында Жеңіс батыры мен ІІО ардагерін еске алуға арналған футбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ертіс ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай, сондай-ақ ҰОС ардагері, милиция полковнигі Оразбай Қуанышевты еске алу мақсатында шағын футболдан дәстүрлі XIII мерейтойлық турнир ұйымдастырылды.

Ауқымды спорттық шараға өңірдің әртүрлі мекемелерінен жиналған 10 команда қатысты. Турнир Ертіс ауданының полиция бөлімі, ардагердің балалары және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өтті.

Салтанатты ашылу рәсімінде Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Вячеслав Ипатов, Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Жаналин және батырдың ұрпақтары сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.

Жарысқа қатысушылар топтарға бөлініп, тартысты әрі шынайы ойын өрнегін көрсетті. Турнирдің символдық бастамасы ретінде Оразбай Қуанышевтың шөбересі Ратмир Қуанышев алаңға алғашқы соққы жасады.

Жекелеген номинациялар бойынша үздіктер анықталды:
- "Үздік қақпашы" – Әлібек Оразбек;
- "Үздік ойыншы" – Еламан Бекеш;
- "Үздік шабуылшы" – Нұралы Жекенаев;
- "Үздік қорғаушы" – Мәди Какен.

Жүлделі орындар келесідей бөлінді:

1-орын – Ертіс аудандық полиция бөлімінің құрамасы;
2-орын – Павлодар облысы полиция департаментінің аппараты;
3-орын – Патрульдік полиция ротасының құрамасы.

Жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен, естелік сыйлықтармен және ақшалай жүлделермен марапатталды. Жанкүйерлер мен қонақтар тартысты ойыннан жағымды әсер алып, турнирден зор рухани қуат алды.

Ардагердің отбасы мүшелері игі бастаманы қолға алған ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, батыр есімінің ұрпақ жадында сақталуына атсалысқандарына ризашылықтарын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру