Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды кездесу өтті

Павлодар облысында Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Аққулы ауданында ел есінде мәңгі сақталатын тағылымды кездесу өтті. Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен "Батылдық пен ерліктері санамызда, адалдық пен әділеттіліктері жадымызда" атты салтанатты жиын өткізілді. Іс-шараны аудандық полиция бөлімі мен ардагерлер кеңесі бірлесе ұйымдастырды.

Бұл басқосудың басты мақсаты – Отан үшін от кешкен жауынгерлер мен ішкі істер саласында аянбай еңбек еткен ардагерлердің ерлігін жас ұрпақтың санасына сіңіру, олардың есімін ұлықтап, ерлік дәстүрін дәріптеу болды.

Жиын Жеңіс алауына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Батырлардың рухына тағзым етіп, үнсіздікпен еске алған шара – өткенге деген құрметтің айғағы іспетті. Бұл – тарихты ұмытпай, ерлікке тағзым етудің көрінісі.

Салтанатты кеш кітапхана ғимаратында жалғасын тапты. Қонақтар назарына "Қазіргі заман қаһарманы" атты көрме ұсынылып, ішкі істер органдарында адал қызмет етіп, ерен ерлік көрсеткен ардагерлердің өмір жолы мен жетістіктері паш етілді.

Аққулы аудан әкімінің орынбасары Махаббат Абулова жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек еткен барша ерлерге алғыс білдірді. Оның ізін ала сөз алған облыстық ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев ішкі істер қызметкерлерінің бейбіт өмірді сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол Аққулы ауданының полиция ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәдриден Балтабаевты Ардагерлер кеңесі атынан Алғыс хатпен марапаттады.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев өз сөзінде ішкі істер саласында ұзақ жылдар адал қызмет атқарған азаматтарды атап өтіп, Павлодар облысы полиция департаменті басшылығы атынан Алғыс хаттар табыс етті. Құрметке ие болғандар қатарында Азат Есеркепов, Ғалымбек Жұмабаев, Елдос Қойкен және Ержан Бексолтанов сынды ардагерлер бар.

Шара барысында ел қорғау жолында жан аямай еңбек еткен ардагерлердің есімдері аталып, олардың ұрпақтары жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтармен марапатталды.

Кездесуде өз дәуірінің тірі куәгерлері – ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері, Павлодар облысы мен Аққулы ауданының Құрметті азаматы Ерғанат Дүйсекенов, ішкі істер органының ардагері Жұмажан Бекужин, сондай-ақ "Асыл Ардагер" орденінің иегері Құбаш Сембин де сөз сөйлеп, ел қорғау жолындағы жарқын естеліктерімен бөлісті.

Мерекелік жиын рухани әсерге толы музыкалық бағдарламамен әрленіп, қатысушылардың естелік суретке түсуімен түйінделді. Іс-шара соңында Аққулы аудандық "Ғабдул-Уахит" хазірет мешітінде ардагерлер рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Бұл тағылымды шара – елдік пен ерлікті ардақтаған, өткеннің өнегесін бүгінге жеткізген, келешекке жол сілтейтін мағыналы кездесу ретінде есте қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру