Павлодар облысында ЖКО болды: жүргізуші мен жолаушыға медициналық көмек көрсетілді
Павлодар облысында көлік жүргізуші рөлді басқара алмай, кюветке аударылып кеткен. Жүргізуші мен жолаушыға медициналық көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 мамыр сағат 19.00 шамасында Екібастұз – Майқайн автожолында тіркемесі бар Toyota Europe автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, рөлді басқара алмай, кюветке аударылды. ЖКО салдарынан жүргізуші мен 22 жастағы жолаушы медициналық көмекке жүгініп, одан кейін үйлеріне жіберілді.
Сондай-ақ жүргізуші жануарларды тасымалдау тіркемесінде бір жылқыны тасымалдағаны анықталды. Жылқы сол жерде мерт болды.
– Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені анықталды. Жүргізуші көлік құралын рұқсат құжатынсыз басқарған. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша әкімшілік материалдар дайындалды, – деді Екібастұз полициясы.