Павлодар облысында ЖКО жасаған 3 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды
Павлодар облысында биылғы жылдың басынан бері 965 жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың 283-інде жүргізушілер оқиға орнынан қашып кеткен, бұл жағдайлардың 205-і полиция қызметкерлері тарапынан анықталды.
– Мұндай жүргізушілер жағдайдың ауырлығын түсінбейді, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Көбінесе олар асығыс болып, немесе басқа көлікпен соқтығысқанын байқамай, оқиға орнынан кетіп қалады. Бірақ кейіннен жасалған ойланбаған әрекеттер қатаң жазаға әкеп соғуы мүмкін. Оқиға орнын тастап кеткені үшін әкімшілік шаралар қолданылады, ал егер зардап шеккендер немесе қаза тапқандар болса, қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделеді.
Тек биылдың өзінде Павлодар облысында жол-көлік оқиғасы жасаған 3402 жүргізуші жол жүру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында көлік құралдарына немесе басқа да мүлікке зиян келтіріп, материалдық шығынға ұшыратқан жүргізушілер де бар. 15 жүргізуші осы бұзушылықтары үшін алты айға дейінгі мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды.
Бұдан бөлек, апат болған жерді тастап кеткені үшін 1612 жүргізуші жазаланды, олардың 8-і жүргізуші куәлігінен айырылды.
Мысалы Ақсу қаласында Әуезов көшесінде Toyota көлік жүргізушісі артқа жүріп бара жатып, қауіпсіздігіне көз жеткізбей, жол белгісін қағып кеткен. Қылмыскер ешкімнің жоқтығын көріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Бірақ полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде қашқынды ұстады. Апат болған жерді қалдырғаны, мүлікке зиян келтіргені және материалдық шығын жасағаны үшін жүргізуші жауапқа тартылып, іс сотқа жіберілді.
Тәртіп сақшыларының кеңесі: Егер сіз апатқа кінәлі болсаңыз – басқа көлікке соғылсаңыз, көлікті тоқтатып, орнынан қозғалмаңыз, апаттық жарық дабылын қосып, авариялық тоқтату белгісін қойып, дереу полицияға хабарласыңыз.
– Рөлге отырғанда әр жүргізуші өз өмірі мен жолаушылардың, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің өміріне жауапты екенін ұмытпаңыз. Жол ережелерін бұзбаңыз. Есіңізде болсын, жол қателіктерді кешірмейді, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті.