Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында жоғалған 150-ге жуық мал иелеріне қайтарылды

Павлодар облысында жоғалған 150-ге жуық мал иелеріне қайтарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мал ұрлығы ауылдық елді мекендерде әлі де өзекті қылмыстардың бірі болып отыр. Қылмыскерлер көбіне топ болып әрекет етіп, ауыл тұрғындарына елеулі материалдық шығын келтіреді. Статистика көрсеткендей, мұндай қылмыстардың саны әсіресе суық мезгілде арта түседі.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 34 мал ұрлығы тіркеліп, 322 бас мал қолды болған. Қылмысқа қатысы бар 20 адам мен 3 қылмыстық топ ұсталды. Ал тәртіп сақшыларының жедел шаралары нәтижесінде 142 бас мал табылып, заңды иелеріне қайтарылды.

Полиция өкілдері атап өткендей, көптеген ауылдарда бақташы жалдамағандықтан, тұрғындар малдарын қараусыз жібереді. Тек малынан айырылған кезде ғана полицияға жүгінеді, оның өзінде де жоғалғаннан кейін бірнеше күн өткен соң хабар беретін жағдайлар жиі кездеседі. Ұрлық деректерінің басым бөлігі қараусыз жайылымдардан жасалған.

Облыс аумағында қараусыз жүрген жануарларды жинауға арналған 146 арнайы тұрақ жұмыс істейді. Биыл олардың көмегімен 16 684 бас мал қамалып, 1382 мал иесі анықталды. Малды қараусыз қалдырғаны үшін аталған азаматтарға әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сонымен қатар полиция заңсыз сойылған мал еті сатылуы мүмкін базарлардағы бақылауды күшейтуде. Бұл бағытта тәртіп сақшылары жергілікті билік және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, мал иелері арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Биылғы кезеңде жедел уәкілдердің күшімен ветеринария саласында 130 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 125 дерек — құжатсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдауға, ал 5 дерек — құжатсыз сауда жасауға қатысты.

Павлодар облысы полиция департаменті мал иелеріне қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді: әр жануарды міндетті түрде таңбалап, идентификация жасау, малды қараусыз қалдырмай белгіленген жайылымда ұстау қажет.

— Бақташылар ескеруі тиіс: егер жайылым маңына бейтаныс көлік немесе атпен жүрген адамдар жақындаса, олардың кім екенін және не мақсатпен жүргенін анықтау маңызды. Бейтаныс адамдар мен олардың көлігін фото немесе видеоға түсіріп, дереу "102" нөміріне хабарлау қажет, — деп атап өтті ведомство.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру