Павлодар облысында жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша брифинг өтті
Павлодар облысының өңірлік коммуникация қызметінде жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі Арман Қаптаевтың сөзінше, жолдағы қауіпсіздік деңгейі түрлі факторлардың жиынтығына байланысты. Оған жылдамдық режимін сақтау, көліктің техникалық жағдайы, жүргізушілердің жол ережесін қаншалықты білетіні, қозғалысты ұйымдастыру деңгейі, жол-көлік оқиғасы кезінде дер кезінде көрсетілетін медициналық көмек секілді жайттар кіреді. Алайда жолдардағы қауіпсіздікке ең үлкен әсер ететін басты фактор – жүргізушінің тәртібі.
Жыл басынан бері облыс аумағында 500-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 26 адам көз жұмды, 693 тұрғын әртүрлі деңгейде жарақат алды. Ал жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған 169 жол апатында 188 адам зардап шегіп, 6 адам мерт болды.
Спикер өліммен аяқталған жол апаттарының негізгі себептеріне тоқталып, олар мынадай жайттардан туындайтынын айтты: жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, жаяу жүргіншілер өткелінде жол ережесін сақтамау, жол қозғалысына қатысушыларға құрметсіздік көрсету, сондай-ақ көлік санының артуы.
Жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында жыл басынан бері облыс жолдарында 107 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Сонымен қатар қараусыз малдың қатысуымен болған жол апаттарына байланысты 5765 иесіз мал айыппұл тұрағына қамалып, мал иелеріне қатысты 305 әкімшілік іс қозғалды.
Облыс аумағында "Қорғау" бағдарламасы енгізілді. Ол "Оракул-С" жүйесінің 12 аппараттық-бағдарламалық кешені арқылы жұмыс істейді және бұл жүйе барлық БЖТ планшеттеріне біріктірілген.
Биыл қасақана айыппұл төлеуден жалтарғандардан 25 миллион теңгеден астам қаражат өндіріліп, 541 көлік құралы ұсталып, айыппұл тұрағына қойылды.
Кездесу соңында Арман Қаптаев жүргізушілерге жол ережесін, әсіресе жылдамдықты және қашықтықты сақтау, жол белгілеріне мұқият болу қажеттігін ескертті. Ол балалар мекемелерінің маңында, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қоғамдық көлік аялдамалары жанында аса сақ болуға шақырды.
– Жаяу жүргіншілерге жолдан өтерде алдымен барлық көліктің тоқтағанына, өзіңізді өткізуге дайын екеніне көз жеткізіп, тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өтуге кеңес береміз. Заңды сақтай отырып, полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгенін жасайды, – деді Арман Қаптаев.