Павлодарда жол қозғалысын бақылау үшін 20 автопатруль мен 243 полиция жасағы жұмылдырылды
Павлодар облысында жол қозғалысын бақылау үшін 20 автопатруль мен 243 полиция жасағы жұмылдырылған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Тәртіп сақшылары қызметтік көліктерге орнатылған және апатты-қауіпті учаскелерде орналасқан мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендерді барынша пайдаланып, ереже бұзушылықтардың жолын кесуге күш салуда. Сондай-ақ апат жиі орын алатын аймақтарда полиция жасақтары мен автопатрульдер саны арттырылды.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда өңірде жол қозғалысын бақылау үшін 20 автопатруль мен 243 полиция жасағы жұмылдырылған. Іс-шараның алғашқы күнінде 320 жол ережесін өрескел бұзу фактісі анықталып, олардың 57-сі – белгіленбеген жерден өткен жаяу жүргіншілерге тиесілі болды.
Рейтинг нәтижесіне сүйенсек, жол қозғалысы ережесін бұзуда көшбасшылықты жаяу жүргіншілер иеленді. Ал екінші орынға жарық уақытында көлік шамдарын дұрыс пайдаланбаған 47 жүргізуші жайғасты. Үшінші орынды жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтамаған 44 жүргізуші иеленді.
Жол жүру ережесін бұзған жүргізушілер туралы ақпаратты 102 нөміріне қоңырау шалу арқылы, "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы немесе @dp_pavlodar Instagram парақшасының жеке хабарламасына жолдау арқылы хабарлауға болады.
Айта кетейік, "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы 18-21 ақпан аралығында өтеді. Шара жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және құқық бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған.