Павлодар облысында жол қозғалысының қауіпсіздігі апталығы өтуде
Павлодар облысында 11-17 қараша аралығында жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қараша – Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні. Бұл ерекше күн жол-көлік апаттарында қаза тапқандарды еске алып, жаңа қайғылы жағдайлардың алдын алу маңыздылығын еске салу мақсатында белгіленген. Осы күні көлік апаттарының құрбандары еске алынып, олардың жақындарына көңіл айтылады. Сонымен қатар бұл күн әр адамға жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды екенін ескертеді. Жол апаттарының құрбандары тек қаза тапқандармен шектелмейді. Ауыр жарақат алып, өмір бойы мүгедек болып қалғандар да бар. Олардың өмірі апаттан бұрынғы және кейінгі кезеңдерге мәңгіге бөлініп кетеді.
Биыл ЖКО құрбандарын еске алу күні қарсаңында Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған бірқатар акцияларды жүзеге асыруда. Бұл шаралар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің назарын жолда жүріс-тұрыс мәдениетіне аударуға бағытталған.
Полиция қызметкерлері жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салып, өмірдің қайталанбайтынын және үлкен қайғы-қасіреттердің алдын алу үшін тек жол қозғалысы ережелерін сақтау жеткілікті екенін баса айтады. Барлық азаматтарды жолда мәдениетті әрі қауіпсіз әрекет етуге шақыра отырып, полиция бұл қадамның мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға ықпал ететінін ескертеді.