Павлодар облысында жолдағы қаңғыбас малға қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізілді
Павлодар облысында жолдағы қаңғыбас малға қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы жылдары автожолдарда қаңғыбас малдың пайда болуы, әсіресе ауылдық жерлер мен қала маңындағы аймақтарда, өзекті мәселеге айналды. Жол бойымен еркін жүрген жылқылар, сиырлар, қойлар мен ешкілер мал иелерінің жауапкершіліксіздігін көрсетіп қана қоймай, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Мұндай жағдайлардың салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып, ауыр жарақаттар мен адам өліміне әкеліп жатады.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік жұмыстар жүргізуде. Олар жол бойында еркін жайылып жүрген малды анықтап, иелеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырады, ал иесіз жануарлар айыппұл тұрақтарына айдалады.
Мәселен, Суаткөл ауылы маңындағы Атамекен – Русская поляна автожолында учаскелік полиция қызметкері жол бойында иесіз малды байқаған. Дәл осындай жағдай Қызылжар ауылының тұсында да тіркелді. Мал иелері "Жануарларды жаю қағидаларын" бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбеков хабарлады.
Жол бойындағы қаңғыбас мал – жай ғана қолайсыздық емес, адамдардың өміріне төнген нақты қауіп. Сондықтан жануарларды ұстау және жаю ережелерін қатаң сақтау – жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігі үшін міндет.