Павлодар облысында жыл басынан бері 140 қылмыс ашылды
Павлодар облысында жыл басынан бері 140 қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлары бес мыңнан астам азаматтардың өтініштеріне қызмет көрсетті, 140 қылмыс ашылды, бес мыңнан астам әкімшілік хаттама жасалды.
– Павлодар облысының Полиция департаменті «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыруға бағытталған шараларды қабылдауда. Мысалы, жұмыстың сервистік моделіне көшу аясында Павлодар қаласының аулаларында полицияның модульдік посттары орнатылды. Айта кету керек, қазіргі заманғы модульдік полиция посттары орнатылған әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың төмендегені байқалады. Бұл посттар отбасының және көршілерінің тыныштығын жүйелі түрде көп бұзатын адамдардың тұрғылықты жерлеріне жақын болуымен байланысты. Учаскелік полиция инспекторы кез келген уақытта аталған бұзушыларды тұрғылықты жері бойынша тексере алады. Сонымен қатар, бейнекамералар арқылы әкімшілік учаскенің аумағы қаралады, соның арқасында полицейлер құқық бұзушылыққа жедел әрекет етеді, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Учаскелік полиция инспекторы халыққа танымал болуы тиіс, әкімшілік учаскеде тұратындардың қайсысы есепте тұратынын, сондай-ақ қару иелерін де білуі тиіс. Азаматтардың құқық қорғау органдарына деген көзқарасы учаскелік полиция қызметкерінің тұрғындармен өзара іс-қимылына байланысты.
Қандай да бір бұзушылықтарға жедел әрекет ету үшін WhatsApp мессенджерінде жалпыға ортақ үй тұрғындарының чаттары, ПИК, саяжай бау-бақшаларының топтары құрылды. Онда тұрғындардан келіп түскен ақпаратқа тікелей жауап беретін учаскелік инспектор бар. Facebook әлеуметтік желісінде учаскелік инспекторларының аккаунттары құрылды, онда заңнамадағы өзгерістер, азаматтарды қабылдау, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат орналастырылады. Учаскелік инспекторлардың байланыс деректері бар фотосуреттері үйлердің кіреберістерінде, дүкендерде және басқа да қоғамдық орындарда орналастырылған.
Өткен жылдың ақпан айынан бастап 102 мобильді қосымшасы іске қосылды және жұмыс істейді, оны қалалар мен ауылдардың тұрғындары пайдаланып үлгерді. Бұдан басқа, Павлодар қаласының және облыстың басқа қалалары мен ауылдарының қоғамдық орындарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолдарда SOS шұғыл көмек шақыру құрылғысы орнатылды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге мыңнан астам еріктілер көмек көрсетеді, олар жоғалған адамдарды іздеуге, рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізуге қатысады. Сондай-ақ, құқық қорғау бағытындағы 1162 қоғамдық көмекші көмек көрсетеді. Олар учаскелік инспекторлармен бірге патрульдеуді жүзеге асырады, есепте тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексереді, сондай-ақ халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.