Павлодар облысында шулы тұрғындар жауапқа тартылды
Павлодар облысында тыныштық сақшысы ретінде қызмет етіп жүрген полицейлер жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті бұзған 6 мыңға жуық азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов айтты.
– Азаматтардың тынығу және ұйқы уақыты кезінде қатты дауыспен айқайлау, ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау, бұрғылау мен тесіп-шұқу сияқты әрекеттерге жол берілмейді. Мұндай қолайсыздықтарға төзуге азаматтар міндетті емес. Түнгі уақыттағы шу – әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Статистикаға сәйкес, Павлодар өңірінде жыл басынан бері осындай түнгі тыныштықты бұзған 5827 жағдай тіркелді. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Қ. Мұстафинов.
Өткен түнде де Павлодар қаласының тұрғындарының тыныштығы бұзылды. Сағат 4 шамасында Малайсары көшесіндегі көппәтерлі үйдің тұрғынынан полицияға шағым келіп түсті. Әйел адамның айтуынша, көрші пәтерде қатты музыка ойнап, караоке айтылып жатқан. Полиция келген кезде, тұрғындардың шағымы расталды – пәтерде туған күн кеші өтіп, қатты музыка мен микрофондағы ән шырқау арқылы көңіл көтерілгені анықталды. Пәтер иесі кеште достарымен туған күнін атап өткенін түсіндірді.
Сол түні осындай тағы бір шағым Ломов көшесіндегі үйдің тұрғындарынан келіп түсті.
– Бұл – көп балалы отбасы, олар тыныштықты жиі бұзып, алкогольді ішімдіктер ішіп, түнде айқайласып жанжал шығарады. Біздің балаларымыз үнемі шудың салдарынан ұйқысын бұзып, мектептегі үлгерімдері нашарлады. Тыныштықты бұзушылар өздеріне жасалған ескертулерге құлақ аспайды, – деді шағымданған әйел.
Павлодар облысында ролиция департаменті көршілердің түнгі уақыттағы шулы басқосулары тұрақты түрде жалғаса берсе, “102” нөміріне қоңырау шалып, учаскелік инспекторды шақыруға болаиынын еске салады. Құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қажет болған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылады.