Павлодар облысында жыл басынан бері үйінен қашып кеткен 34 жасөспірім ата-анасына қайтарылды
Жыл басынан бері Павлодар облысында өз еркімен үйден кетіп қалған 34 жасөспірім іздестіріліп, ата-анасына қайтарылды, – деп хабарлайды Polisiа.kz.
– Оған негізгі себеп – отбасындағы жанжал, кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамтудың ұйымдастырылмауы, наразылық, отбасылық қолайсыздық және жасөспірімнің өзі жеке тұлға болып, бақылаудан шығуға деген ұмтылысы болып табылады, – дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
Полицияға Солнечный кентіндегі үйінен кетіп қалып, оралмаған 2008 жылы туған кәмелетке толмаған ұлын іздеген ата-ана арызданды.
Дереу полицияның жеке құрамы жоғалған адамды іздеуге бағытталды. Полицейлер жасөспірімнің баруы мүмкін жерлерді, маршруттарды, жақын орталарды – достарын, туыстарын, таныстарын, әлеуметтік желілердегі байланыстарын тексерді. Оны соңғы рет көрген көптеген адамдар арасында сауалнама жүргізді.
Іздестіру нәтижесінде келесі күні 16 жастағы студент Астана қаласынан табылды. Жасөспірім Жамбыл облысында тұратын әжесіне бармақ болған, бірақ ақшасы таусылуына байланысты ол әжесіне жете алмаған.
Сонымен қатар 15 жасар баланың анасы да полицияға жүгінді, ол анасымен жанжалдан кейін үйден кетіп, телефонын өшіріп тастаған. Жедел қызметкерлер оны досының пәтерінен тапты.
Қазіргі уақытта жасөспірімдер үйге оралып, ата-аналарына тапсырылды.
Полицейлер аймақ тұрғындарын балаларға үнемі назар аударуға, балаға оны жақсы көретінідігі туралы жиі айтуға шақырады. Ал жоғалып кеткен жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.