Павлодар облысының 4 тұрғыны шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған
Павлодар облысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 4 дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Павлодар полицейлері шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың төрт фактісін анықтады. Барлық фактілер бойынша шетелдіктерді жұмысқа заңсыз жалдаған жұмыс берушілер ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, 2021 жылғы 1 ақпанда полиция қызметкерлері Павлодар ауданының ауылдарының бірінде еңбек шартын жасамай заңсыз еңбек етіп жүрген Ресей Федерациясының 34 жастағы азаматын анықтады. Аталған ресейлік азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы) бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылды, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабының 1-бөлігі (Жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз тартуы немесе жергілікті атқарушы орган беретін, өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтамалары немесе еңбекші көшіп келушіге ішкі істер органдары беретін рұқсаттары жоқ шетелдіктердің және (немесе) азаматтығы жоқ адамдардың еңбегін пайдалануы) бойынша әкімшілік іс қозғалды және қабылдаушы тарапқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы 1-бөлігі (Қабылдаушы тұлғаның шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды уақтылы тiркеу не олардың Қазақстан Республикасында болуы не болудың белгілі бір мерзiмi өткеннен кейін олардың Қазақстан Республикасынан кетуі құқығына құжаттарды ресімдеу жөнінде шаралар қолданбауы) бойынша хаттама толтырылды. 38 жастағы павлодарлық азамат 2020 жылғы 15 қаңтардан бастап өзімен бірге жүрген шетелдік азамат туралы дер кезінде хабарламаған, еш жерде тіркемеген, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Ахметов.
Айта кету керек, «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының белгіленген ережелерін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша Қазақстан Республикасының 80 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.