Павлодар облысының бас полицейі ІІО ардагерлерімен кездесті
Павлодар облысының бас полицейі ішкі істер органдары ардагерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде Павлодар облысының полициясы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар қызметінің басты міндеті – еліміздің азаматтарының қажеттіліктерін сапалы орындау.
11 наурызда облыстық Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр Павлодар облысы ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесті, онда халықпен жұмыс істеуде полицияның сервистік тәсілдері талқыланды.
ПД бастығы Павлодар облысының ішкі істер органдары қызметінің басты қағидаттары халықтың сенім деңгейін арттыру және кері байланыс орнату екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда біздің облыстың қалалары мен әр ауданында «Азаматтарды қабылдау» жұмыс істейді, онда кез келген адам полиция қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат ала алады. Сонымен қатар, әр өтінішке ерекше назар аударылады, әрқайсысы жеке қарастырылады, – деді Василий Скляр.
Ардагерлермен әңгімелесу барысында Василий Скляр полиция жұмысына заманауи технологияларды енгізуге тоқталды, өткен жылы «102» мобильді қосымшасы, омниканалдылық жүйесі арқылы полицияға азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың жаңа процесі енгізілді. Бас полицейдің айтуынша, бұл жүйе азаматтарға полицияға қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы фото және бейне ақпараттарды қосымша арқылы жіберуге мүмкіндік береді, сондай-ақ нақты уақыт режимінде бейне байланыс арқылы полициядан көмек сұрауға болады.
Аудио, бейне қоңырау кезінде орналасқан жер автоматты түрде анықталады, бұл операторға жедел әрекет ету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Облыстың қалалары мен аудан орталықтарының қоғамдық орындарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолдарда SOS батырмасы көмегін шұғыл шақыру құрылғысы орнатылған. Василий Склярдың айтуынша, облыстың көптеген тұрғындары бұл жүйені пайдалануда.
– Халықтың сенімін арттыру үшін Павлодарда модульдік полиция бекеттері ашылды, олар азаматтарға ыңғайлы болу үшін әдетте тұрғын үй аулаларында орналасады. Жүргізілген талдау нәтижесінде, осындай модульдік бекеттер орнатылған әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың 40 пайызға төмендегені байқалады, – деді Василий Скляр.