Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының бас полицейі оқушыларға жол жүру ережелері мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздік туралы айтты

Ертіс өңірінің бас полицейі оқушыларға жол жүру ережелері мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздік туралы айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Білім күніне орай облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал Василий Скляр Павлодар қаласындағы №48 орта мектепке барды. Ол жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс пен мектеп оқушыларының жол жүру ережелерін сақтауына арналған интерактивті сабаққа қатысты.

Василий Скляр өз сөзінде Білім күні – әр қазақстандық үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды мереке екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, адамның өзі мен оның зияткерлік әлеуеті – елдің басты байлығы, ал білім – негізгі басымдық.

– Жаңа оқу жылы баршаңызға қызықты да жемісті болып, шығармашылық қуаныш пен тамаша жаңалықтар әкелсін. Өз күштеріңізге сеніңіздер, жолдарыңыз болсын. Ұмытпаңыздар, білім – сіздердің болашақтарыңыз, үлкен өмірге апарар жолдарыңыз. Ол қазіргі заманда өз орныңызды табуға, нағыз азамат әрі елінің патриоты болуға мүмкіндік береді! Мұғалімдерге айрықша алғыс айтамын. Ұстаздардың педагогикалық шеберлігі, даналығы мен төзімінің арқасында еліміздің болашағы білімді, кәсіби және табысты жастардың қолында болатынына сенімдімін, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы.

Департамент бастығы оқушыларға жол жүру ережелерін сақтау қажеттігін еске салып, бірінші сынып оқушыларына ойыншық полиция көліктерін сыйға тартты. Сонымен қатар ол әрбір полицейдің балалар үшін әрқашан көмекке келетін сенімді дос екенін атап өтті.

№48 мектептің таңдалуы да символдық мәнге ие: дәл осы күні жаңа оқу орнының ашылуы өтті. 1200 оқушыға арналған білім ордасы жалпы орта білім берудің барлық сатысын қамтитындай етіп жобаланған. Жас ерекшеліктеріне қарай оқушыларды бөлу үшін екі парадтық кіреберіс қарастырылған. Бұл шешім мектеп ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Іс-шара соңында Василий Скляр бірінші сынып оқушылары мен ұстаздар қауымын тағы да мерекемен құттықтап, педагогикалық ұжым және балалармен естелік суретке түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру