Павлодар облысының көші-қон қызметі шетелге шығу тәртібі туралы түсіндірді
Павлодар облысынан 402 азамат шетелге тұрақты тұруға кетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Павлодар облысынан 402 азамат елден тыс жерлерге тұрақты қоныс аударды. Олардың қатарында 84 кәмелетке толмаған бала бар.
Павлодар облысы көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, егер кәмелетке толмаған бала ата-анасының біреуімен бірге шетелге кететін болса, екінші ата-ананың нотариалды куәландырылған келісімі міндетті түрде қажет. Мұндай келісім ұсынылмаған жағдайда құжаттарды рәсімдеу процесі тоқтатылады. Ал келісім берілмеген жағдайда, баланың кетуіне сот шешімі арқылы ғана рұқсат етіледі.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2020 жылғы 27 наурыздағы бұйрығына сәйкес бұл талап заңмен бекітілген.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 20 жұмыс күнін құрайтынын ескере отырып, шетелге тұрақты тұруға өтініш білдірушілерге қажетті құжаттарды алдын ала дайындау ұсынылады.