Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының мектеп және колледж түлектері полиция департаментіне саяхат жасады

Павлодар облысының полиция департаментінде мектеп пен колледж түлектеріне арналған ашық есік күні өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шараның басты мақсаты – ішкі істер органдарының қызметімен таныстыру, болашақ мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және патриоттық тәрбие беру болды.

Экскурсия тарих және жауынгерлік даңқ мұражайынан басталды. Мұнда жас қонақтар полиция қызметінің қалыптасу кезеңдерімен, атақты тәртіп сақшыларының ерліктерімен және ІІО-ның жетістіктерімен танысты. Мұражай сөрелерінде әр дәуірдегі ретрофотосуреттер, қызметтік киім үлгілері, марапаттар мен айырым белгілері қойылған. Бұл жәдігерлер өткен күннің куәсіндей, полиция қызметінің беделді мамандық екендігін дәлелдей түскендей әсер қалдырды.

Мұражайдағы экскурсиядан кейін түлектер жедел басқару орталығына барып, полицияның күнделікті жұмысына қолданылатын заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты. Криминалистика зертханасында оларға дәлелдемелерді сараптау әдістері көрсетіліп, қылмыстардың қалай ашылатыны түсіндірілді. Бұл бөлімде оқушылардың қызығушылығы ерекше байқалды, олар криминалист мамандарға сұрақтарын қойып, нақты істерден мысалдар тыңдады.

"Динамо" спорт кешенінде полиция қызметкерлері өздерінің адал серіктестері – қызметтік аттарын мақтанышпен таныстырды. Бұл жануарлар қиын аумақтарда патруль жүргізуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ, кинологтар өздерінің төрт аяқты көмекшілерімен бірге түрлі трюктер көрсетіп, қызметтік иттердің із кесу, есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау қабілеттерін паш етті. Жас қонақтар үшін бұл ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі болды.

Оқушыларға арнайы қызметтік көліктер де көрсетілді. Олар "Тигр" броньды көлігінің мүмкіндіктерін бағалап, патрульдік машиналардың жабдықталуымен танысты. Балалар әр көліктің ішіне кіріп көріп, қызметкерлерден олардың ерекшеліктері туралы сұрап білді.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) жауынгерлерінің көрсетілімдері іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Түлектер алдында арнайы жаттығудан өткен жауынгерлер жекпе-жек элементтерін көрсетіп, олардың техникалық және физикалық дайындықтары қалай өтетінін баяндады. Жауынгерлердің шапшаңдығы мен шеберлігі көрермендерді тәнті етті.

Іс-шара аясында мектеп түлектері мен колледж оқушылары полиция қызметіне түсу тәртібі туралы ақпарат алды. Бүгінде Қазақстанда ІІМ-ге қарасты Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қалаларында төрт ведомстволық жоғары оқу орны жұмыс істейді. Полицей болғысы келетін жастар үшін бұл оқу орындарына түсу – мақсатына жетудің алғашқы қадамы болмақ.

Кездесудің шарықтау шегі – дала асханасында ұйымдастырылған түскі ас болды. Полицейлер қатысушыларды нағыз сарбаз ботқасымен және тәтті шаймен қонақ етті. Бұл – әскери өмірдің бір бөлшегін сезінуге мүмкіндік берген ерекше шара болды.

Іс-шара соңында оқушылар мен ата-аналар Павлодар облысының полиция департаментіне шынайы алғыстарын білдірді. Болашақ мамандығын таңдауға бір қадам жақындай түскен түлектер алған әсерлерімен бөлісті.

- "Ашық есік күні" біз үшін өте пайдалы әрі қызықты өтті. Полицей болуды армандайтын біз үшін бұл қызметтің қыр-сырымен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік болды. Осындай шара ұйымдастырған тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз, – деп ойларымен бөлісті Қабанбай батыр атындағы "Жас Сарбаз" мектебінің 11-сынып оқушылары Дильназ Тілен мен Камила Дүйсенбенова.

Бұл шара – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеруге, олардың болашақ мамандығын таңдауда дұрыс шешім қабылдауына бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Павлодар облысының полициясы өз қатарында ел тыныштығы үшін қызмет етуге дайын жастарды көргісі келеді!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру