Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының полицейлері "Ән салушы автобус" атты патриоттық шара ұйымдастырды

Павлодар облысының полицейлері "Ән салушы автобус" атты патриоттық шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласының көшелерінде ерекше рухтағы концерт өтті. Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тың бастама – "Ән салушы автобус" атты патриоттық шараны ұйымдастырды. Игі бастама аясында 22-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушылары тосын сыйға куә болды.

Погон киген вокалистер кенеттен автобусқа кіріп, соғыс жылдарындағы жауынгерлік рух пен сағынышқа толы әндерді шырқай бастады. Олардың орындауында кеңестік кезеңнің жүрекке жетер композициялары – "Жеңіс күні", "Катюша", "Смуглянка" және "От героев былых времен" секілді әндер шырқалды. Жолаушылар үшін бұл сәт тосын әрі әсерлі болды – автобус нағыз концерт алаңына айналып, барлық көрермен бір сәтке тарих беттеріне саяхат жасағандай күй кешті.

Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орымбаев бұл бастаманың басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезімді ояту, ата-бабамыздың жанқияр ерлігін ұмытпау және тарихи жадымызды сақтау екенін атап өтті.

– Бұл тек өнер немесе көңіл көтеру ғана емес. Бұл – ұлттың рухани тамырына оралу, батыр бабаларымыздың ерлігін қадірлеу және болашақ ұрпаққа жеткізу. Мұндай бастамалар жастардың санасында елге, Отанға деген сүйіспеншілікті оятады, – деді ол.

Автобустағы жолаушылар да бұл бастаманы жылы қабылдап, телефондарына әсерлі сәттерді жазып алып, полицейлерге алғыс білдірді. Олар вокалистерге қосылып ән шырқап, ерекше көңіл-күйге бөленді.

"Ән салушы автобус" – бұл рухани сабақ, бұл ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын және жүрекке жол табатын мерекелік акция. Тарихты құрметтеу – бүгіннің де, болашақтың да міндеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру