Павлодар облысының полицейлері ауыл тұрғындарымен кездесті
Павлодар облысының полицейлері ауыл тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Равнополь ауылдық округінде өткен кезекті кездесуде тәртіп сақшылары тұрғындармен жүздесіп, өзекті мәселелер төңірегінде ашық сұхбат құрды. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі киберқылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, ауылды абаттандыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйелерін орнатуға қатысты болды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойып, күн тәртібіндегі бірқатар түйткілді жайттарға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Полиция қызметкерлері барлық сындарлы ұсыныстарды назарға алып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар тұрғындар құқықтық сипаттағы кеңестер алып, полициямен өзара іс-қимылдың тиімді жолдарын талқылады.
Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарына интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдарын түсіндіріп, арнайы жадынамалар таратты. Әр тұрғынға ақпараттық қауіпсіздікке қатысты нақты ұсыныстар жазылған парақшалар үлестірілді.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері ауыл азаматтарын кез келген құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарамауға, қоғамдық орындардағы тәртіп пен тазалыққа бейжай қарамауға шақырып, "Полиция тазалық үшін" атты акцияны қолдауға үндеді.
Ішкі істер органдары үшін басты қағидат – "Заң мен Тәртіп". Бұл – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тыныштықты сақтау жолындағы жұмыстың негізгі бағыты.