Павлодар облысының полицейлері балық аулау кезінде инсульт алған қартқа көмектесті
Павлодар облысының полицейлері балық аулау кезінде инсульт алған қартқа көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шідерті кентінің тұрғыны полицияға балық аулауға кеткен әкесіне көмек сұрап жүгінген. Екібастұз қаласының полицейлері жедел іс-шара аясында ауыл тұрғынының орналасқан жерін анықтап, тұрғынды құтқарып қалған.
– Менің әкем – 83 жаста, ол көлігімен балық аулауға кеткен еді. Жолда ол өзін нашар сезініп, инсульт алғаны белгілі болды. Әкем маған қоңырау шалып, алайда нақты орналасқан жерін айта алмады. Мен бірден «102» нөміріне қоңырау шалып, полициядан көмек сұрадым. Біздің ауылда адамдарды іздеу оңай шаруа емес, біз өз күшімізбен әкемді таба алмас едік. Кезекші мені тыңдап, Шідерті кентіндегі кезекшіге менің қоңырауымды дереу жеткізді, – дейді Литвина Оксана.
Көмекке учаскелік полиция инспекторы Қызылбаев Ерлан мен Алексей Ладанов жолға шығып, екі сағат ішінде қиындыққа тап болған қарт адамды тауып, көмек көрсеткен.
Павлодар облысының тұрғыны өз әкесіне көмектескен полиция қызметкерлеріне жедел қызмет көрсеткені үшін үлкен алғысын айтты.
– Біз үшін ең маңызды міндет қарт адамды тауып, көмектесу болды. Бүгінде облысымыздың полицейлері «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында жұмыс істеп жатыр. Негізгі мақсат – халыққа көмек көрсету,- деп атап өтті Ерлан Қызылбаев.