Павлодар облысының полицейлері демалыс аймағында мас жүргізушілерді ұстады
Павлодар облысының полицейлері демалыс аймағында мас жүргізушілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті қорғауды, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ЖҚЕ бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жазғы демалыс маусымы кезінде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына облыс орталығынан полиция қызметкерлері іссапарға жіберілді. Полицияның уақытша пунктінің құрамына барлық бөлімшелердің қызметкерлері кіреді. Демалыс аймағындағы таулы жер ерекшеліктеріне байланысты Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының атты әскер взводы да патрульдеуді жүзеге асырады.
– Мысалы, 11 маусымда сағат 04.47-де Жасыбай демалыс аймағында полиция қызметкерлерінің назарын Audi автокөлігі аударды. Ол жылдамдықты асырып жүрген. Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің иісі шықты. Медициналық куәландыру жүргізушінің орташа мөлшердегі мас күйінде екенін көрсетті. 23 жастағы жүргізуші Торайғыр ауылына барып, онда ішімдік ішіп, достарымен бірге Жасыбай көліне қарай жол жүруге шешім қабылдаған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы Жәнібек Шәкіров.
13 маусымда сағат 01.30 шамасында полицияға демалушылардан «жүргізуші адамдарды қағып кете жаздады және белгісіз қара түсті маркалы көлікпен қашып кетті» деген хабарлама келді. Осы шақыруды пысықтау кезінде Баянауыл – Жасыбай бақылау-өткізу пунктінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қара түсті автокөлікті байқады. Жүргізушісі көлікті тоқтату туралы талаптарды елемей, жасырынуға тырысты. Алайда 41 жастағы жүргізуші ұсталды. Медициналық куәландыруға сәйкес мас күйінде болған.
Осы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы және 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар жасалды. Жүргізушінің айтуынша, ол жеті жыл бойы алкогольді ішпеген, бірақ демалыста достарының өтініштеріне көніп, ішімдік ішкен, содан кейін ол көлікке отырған. Баянауыл ауданы сотының қаулысымен екі жүргізуші де 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.