Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының полицейлері демалыстағы оқушылармен кездесті

Павлодар облысында учаскелік полиция инспекторы демалушы оқушыларға мотоциклмен жүрудің қауіптілігі, вейптер мен лудоманияның зияны туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшысы Ақсу ферроқорытпа зауытының “Мечта” сауықтыру лагерінде балалармен кездесу ұйымдастырды.

Мототехника – бала үшін өте қауіпті сыйлық. Мұндай көлікті басқаратын кәмелетке толмаған баланың жол-көлік оқиғасына ұшырау және ауыр немесе тіпті өлімге әкелетін жарақаттар алу мүмкіндігі айтарлықтай артады. Мотоцикл көлігін жүргізу кезінде жасөспірімдер өздерінің қауіпсіздігі туралы ойламайды.

– Ата-аналар балалардың жасын, жүргізуші куәлігінің қажеттілігін, сондай-ақ осындай көлік құралын басқару дағдыларын ескермейді, – деді Павлодар облысы Ақсу қаласының учаскелік полиция инспекторы Ерлік Айткен.

18 жасқа толған адамдар қозғалтқыш көлемі 50-125 текше сантиметрге дейінгі мотоциклдерді “А1” санатындағы жүргізуші куәлігі болған кезде ғана, ал қозғалтқыш көлемі 125 текше сантиметрден басталатын мотоциклді “А”санаты болған кезде ғана басқаруға құқылы.

– Баламен жазатайым оқиға болмас үшін немесе ол қылмыс объектісіне айналмас үшін біз шығып, осындай іс-шаралар өткіземіз, әр демалушымен әңгімелесеміз, тәлімгерлермен де әңгімелесулер өткіземіз, – деді Ерлік Әйткен.

Кезекті кездесуде тәртіп сақшысы вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу, сондай-ақ олардың зияны мен салдары туралы айтты. Учаскелік полицей балаларға көшеде, қоғамдық орындарда, көпшілік демалатын орындарда тәртіп ережелерін сақтауды ұсынды.

Кездесу соңында Ерлік Әйткен балаларға демалысты қызықты және ең бастысы – қауіпсіз өткізуді тіледі. Өз кезегінде демалушы оқушылар қызықты ақпарат бергені үшін алғыстарын білдіріп, кеңестерді пайдалануға уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру