Павлодар облысының полицейлері жолда тоңып қалған тұрғындарға көмек көрсетті
Павлодар облысының полицейлері жолда тоңып қалған тұрғындарға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Солтүстік Қазақстан облысы Құлыкөл ауылының тұрғыны Әубәкіров Ғалымбектен учаскелік полиция инспекторы Қабиев Асхатқа және табиғат қорғау полициясының инспекторы Саянов Азаматқа алғыс хат келіп түсті.
– Біз Ертіс ауылынан Құлыкөл ауылына жолға шыққан едік, жолда боран басталды. Ертіс ауылы мен Панфилов ауылы арасындағы тасжолда көлік бұзылып, өтіп бара жатқан көліктердің ешқайсысы тоқтаған жоқ. Көлік іске қосылмады, біз әбден тоңып қалдық. Біздің бақытымызға орай, полиция қызметкерлері кезікті. Автокөлікті тексеру кезінде бұзылған көлікті сол маңда жөндеуге мүмкіндік болмады. Полицейлер көлікті сүйреп апарып, бізді жақын маңдағы ТҚС-ға жеткізді. Жанымыздан жай ғана өтіп кетпеген полицейлерге көп рақмет, бізді не күтіп тұрғанын білмедік. Ержүрек полицейлерге табыс, зор денсаулық тілеймін, – дейді Ғалымбек.
Полиция азаматтарға қолайсыз ауа райында ұзақ сапарға шықпауға, мүмкіндігінше жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетуге кеңес берді.