Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының тұрғыны заңсыз балық аулаған

Павлодар облысының тұрғыны заңсыз балық аулаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2 қазан күні сағат 03:55-те Набережная көшесіндегі үйдің жанын тексеру кезінде Nissan Terrano автокөлігінің жүк салғышынан балық салынған қаптар табылды. Жүргізушіде тасымалданатын жүкке құжаттар болған жоқ.

Жүргізушінің өзі Қарасор көлінде балық аулағанын түсіндірді.

– Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы 1-тармағының 1-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер қала тұрғынынан жалпы салмағы 184 келі болатын 10 қап балық, балық аулау торы және екі резеңке костюм тәркіленгенін нақтылады. Жеңіл автомобиль қылмыстық іс бойынша шешім қабылданғанға дейін арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Сот-биологиялық сараптама тағайындалды.

Тәртіп сақшылары балық аулаудың белгіленген ережелеріне сәйкес азаматтар 5 келіден аспайтын балықты тасымалдай алатынын еске салады. Егер жүк асып кетсе, онда тиісті құжаттар қажет.
Айта кетейік, биыл Павлодар полицейлері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 601 фактінің жолын кесті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру