Павлодар облысының үздік анықтаушылары марапатталды
Павлодар облысының үздік анықтаушылары марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықтау қызметі күніне орай Павлодар облысы полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Онда қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік анықтаушылар марапатталды.
Анықтау қызметі – бүгінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі жетекші салалардың бірі. Тергеушілермен қатар, анықтаушылардың да үлесіне қылмыстық істердің басым бөлігі тиесілі. Бұл жауапты қызмет әрбір маманнан жанқиярлықты, кәсіби білімді, ұқыптылықты, жоғары назар мен жауапкершілікті талап етеді.
– Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз көптеген қылмыстық істердің сәтті тергелуіне, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, шағымдар мен өтініштердің азаюына, сондай-ақ тергеу сапасының артуына ықпал етуде, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда, Павлодар облысы ПД анықтау басқармасы бастығының орынбасары Талғат Нұрғалиев "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен, Ақсу қалалық полиция бөлімінің анықтаушысы Азанхан Бақытбек "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісімен марапатталды. Ал Оңтүстік полиция бөлімі аға анықтаушысы Бейбіт Сейткулов Құрмет грамотасына ие болды.
Сонымен бірге Ерлан Бүкіров, Асқар Рамазанов, Любовь Аушева, Раушан Байбек, Данияр Айткен, Медет Тұрабов және Жанат Шүкетаев Павлодар облысы полиция департаментінің грамотасымен марапатталды.
Марапаттарды табыстаған Сафуан Ашмұханұлы үздік шыққан анықтаушыларға тиянақты еңбектері үшін алғысын білдіріп, оларға мықты денсаулық, отбасыларына амандық және қызметтеріне толағай табыс тіледі.